Редакция хаттарына жазылып ал :)

Сәлем! Біздің соңғы жазбалар мен жаңартуларды алудың тамаша тәсілі – хаттарымызға жазылу.

    TOP
    h

    5es.sausaq

    Жезқазған қаласы жастардың өмір сүруіне қолайлы ма?

    Екі жарым жыл бұрын құрылған Ұлытау облысында жастардың өмір сүруіне қандай жағдай жасалған? Жаңа облыстың құрылуы жастардың тұрмыс-тіршілігін өзгертті ме? Жезқазған жастарын қандай мәселе алаңдатады? «Бес саусақ: Аймақтар» жобасы осы сұрақтарға жауап табу үшін Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласына сапарлап, жастармен сөйлесіп қайтты.

    “Саябақ пен дәмханадан басқа барар жер жоқ”

    Жезқазғанда туып-өскен 18 жастағы Зухра Жезқазған технология және сервис колледжінің 2-курсында шаштараз мамандығын оқып жүр. Ол мүмкіндік туа қалса әжесі мен інісімен бірге үлкен мегаполиске көшкісі келеді. Себебі қалада жастарға мүмкіндік жасалмаған. Ол облыс жеке-дара бөлініп шықса да, инфрақұрылым мәселелері шешімін таппағанына налиды. Жастардың бос уақытын өткізу үшін баратын жері − саябақ пен дәмханалар ғана. Зухра қалада сауда орталықтары, заманауи кітапханалар, комьюнити орталықтар болғанын қалайды.

    −  Менің бала кезімде бар шұрық тесік жолдар, сасық сары су, қалың түтін сияқты проблемалар әлі күнге дейін өзекті. Қаншама әкім ауысты, облыс болып құрылды, депутаттар да келіп үйіп-төгіп уәдесін берді. Бірақ баяғы жартас − сол жартас. Жезқазғанның өркендеп дамығанын менің балаларым, немерелерім көрмесе, жақын арада бәрі жақсы болып кетеді дегенге сенбеймін,

    −  дейді ол.

    Құрамына екі аудан, үш қала кіретін Ұлытау облысында  221 317 адам тұрады, оның 60 мыңнан астамы – жастар.

    Бірақ барлық шағын моноқалаларда тәрізді жастардың Жезқазғанда тұрақтап қалуы қиын. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Ұлытау облысына көшіп келетін жастарға қарағанда өңірден көшіп кететін жастардың саны жоғары. 

    Аймақтағы жастардың өмір сүру сапасын зерттеп жүрген әлеуметтанушы Серік Бейсембаев еліміздегі шағын аймақтарда жастарға мүмкіндік жасалмағанын, Жезқазғанда жастар орталықтарының аз екенін айтты. 

    − Қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеуі − үлкен мәселе. Бұл, біріншіден, жастардың адами капиталы мен потенциалына, тұлғалық дамуына шектеу қояды. Екіншіден, жастардың қызығушылықтарына сәйкес уақыт өткізіп, орта табуға кедергі келтіреді. Мысалы кітап оқуды ұнататын жастар өзара бірігу үшін жиналатын жер, ұйымдастыратын адамдар керек. Жастардың ірі қалаға көшіп кетуіне итермелейтін нәрсе де осы,

    − дейді Бейсембаев. 

    Ал адам құқықтарын зерттеуші Ғалым Жүсіпбек жезқазғандық жастар инфрақұрылымдық дискриминацияға ұшырап жатыр дейді. Себебі шағын қалада да, үлкен шаһарда да тұратын адамдардың инфрақұрылымға қол жеткізу мүмкіндігі бірдей болуы керек.

    − Астанада тұратын адамның әлеуметтік құқыққа қандай пәрмені болса, Жезқазғанда тұратын адамдардың да сондай мүмкіндігі болуы керек. Мысалы Швеция, Финляндия сияқты елдердің ең түкпірдегі ауылы мен үлкен қалаларында аса бір айырмашылық жоқ. Бөлінетін бюджет, көрсетілетін қызмет, білім деңгейі, сапалы кадрлар жағынан көп алшақтық болмайды. Ал бізде айырма жер мен көктей. Шағын аймақтарда әлі күнге дейін асфальт жоқ, ауруханалар мен мектептер жетіспейді, интернет ұстамайды. Ал бұл инфрақұрылымдық әділетсіздіктің жүйелі түрде болуының көрсеткіші. Біржақты дамыған немесе тұрақты дамымай келе жатқан елдерде аймақтар мен қалалар арасында үлкен айырмашылық болады,

    −  дейді Ғалым Жүсіпбек.

    Жастар неліктен үлкен шаһарларға көшіп жатыр?

    Жастарды өңірден кетуге итермелейтін себептердің бірі  −  жергілікті оқу орындары ұсынатын мамандықтар саны шектеулі. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің алты кафедрасы 21 мамандық бойынша оқытады. Қажет мамандықты таппаған талапкерлер басқа қалалардағы оқу орындарына түсуге мәжбүр. Солардың бірі 19 жастағы Нұрлыбек Жезқазған қаласындағы Сәтпаев лицейін аяқтаған соң, Алматы облысындағы SDU университетінде IT мамандығына оқуға түскен. Мектепте Нұрлыбекпен бір сыныпта оқыған барлық 26 түлек жоғары білім алу үшін үлкен қалаларға кеткен. 

    − Жезқазғандағы университетке түсуді ешқашан жоспарламадым. IT мамандығын таңдап отырған соң, сапалы білім беретін университетте, заманауи стильдегі кампуста оқу мен үшін өте маңызды болды. Сондықтан SDU-ды таңдадым. Алайда Жезқазған – өмір сүруге өте қолайлы. Халық аз, сәйкесінше кептеліс те жоқ, емін-еркін жүріп тұра аласың. Бірақ бір өкініштісі, жастар дамитын орта жоқ. Өзіңді бір орында тұрып қалғандай сезінесің,

    − дейді Нұрлыбек. 

    Ол университетті аяқтаған соң Жезқазғанға оралуым екіталай дейді. Тәжірибе жинап, кәсіби біліктілігін арттыру үшін Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда жұмыс істегісі келеді. 

    Жезқазған − өндірістік қала, бірақ 1,5 жыл бұрын үкімет Жезқазғанды моноқалалар тізімінен алып тастаған. Дей тұрғанмен қаладағы негізгі тіршілік көзі “Қазақмыс” мыс балқыту зауытына байлаулы. Сондықтан қалада қалатын кей жастар сонда жұмыс істейді. Болашағын басқа салалармен байланыстыратын жастар көп ретте мегаполистерге көшеді.

    22 жастағы Алан “Қазақмыс” компаниясының мыс балқыту зауытында жұмыс істейді. 

    Жезқазған қаласының тумасы басқа салаларда еңбек етіп көрген, алайда ондай жұмыс тұрақсыз болып шыққан. 

    − Пластикалық терезе жасайтын жерде, наубайханада да жұмыс істеп көрдім. Бірақ табысы аз, әрі тұрақтылық жоқ. Кейде тіпті заңсыз істеген кездерім болды. Жезқазған өндірістік қала  болып құрылған соң, жасыратыны жоқ, күніміз, корпорацияға қарап тұр. Денсаулыққа зиян болса да жұрт тұрақты жалақы мен медициналық сақтандыру, зейнетақы қоры үшін “Қазақмысқа” жұмысқа тұрғысы келеді,

    − дейді Алан.  

    Алан Жезқазғанда жастардың бас қосып, бірге дамитын ортасы жоқ екенін байқаған. Содан өзі сияқты өнерге қызығатын мектеп оқушылары мен студенттерді жинап театр ашты. Алғашқы дайындықтары музыкалық колледждің кабинеттерінде өтіпті. Кейін мектептер мен балабақшаларда ақылы өнер көрсетіп ақша жинаған. Сол қормен Астана, Қарағанды, Павлодар қалаларына барып, спектакль қойып келген. Ал қазір қала сыртындағы шағын ғимараттың бөлмесін жалға алып отыр.  

    − Әзірге қаржылық мәселеле,актерлық құрамның сабағы мен жеке жұмыстарға байланысты театрдың жұмысы тоқтап тұр. Жазға таман демалысқа шыққанда қайта жалғастырып, жаңа спектакльдер қойғымыз келеді. Бірақ аптасына бір рет жиналып, бас қосып тұрамыз,

    − дейді Алан. 

    Аланның арманы − туған қаласының дамығанын көру. Болашақта Жезқазғанда қалып, өзіне қажет ақшаны жинап алған соң кәсіп ашып, театрының жұмысын әрі қарай дамытқысы келеді.

    Алан сияқты туған қаласында қалып, мұндай бастаманы қолға алған жастар некен саяқ. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев жастардың үлкен қалаларға көшуі ғаламдық процесс, әрі бұл еліміздің шағын аймақтарының бәріне тән екенін айтты. 

    − Бірақ бұл әлеуметтік теңсіздікті арттырары сөзсіз. Әсіресе Жезқазған секілді шағын қалалар үшін жақсы нәрсе емес. Аймақтардың потенциалы азаяды, еңбек нарығына теріс әсер етеді, аймақты әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейді. Бірақ мен жастарды сол аймақтарда байлап қою деген бастамаға қарсымын. Меніңше, бұл табиғи түрде даму керек. Жеке таңдау мәселесі бірінші орында,

    − дейді әлеуметтанушы. 

    2024 жылғы желтоқсанның ортасында Жезқазғанға жасаған сапарымыз кезінде облыс әкімдігіне жастарға арналған қандай бағдарламалар бар, қанша бюджет бөлінгенін білу үшін бардық. Бірақ бізді күзеттен әрі өткізбей, бұл сұраққа Жастар ресурстық орталығы жауап береді деп шығарып салды. Тұрғындар арасында «Пирамида» аталып кеткен, Жастар ресурстық орталығы орналасқан ғимаратқа бардық. Жертөлесінде мектеп оқушылары теннис ойнап жатыр, ал қалған бөлігі бос тұр. Бірден басшылықты іздедік. Бірақ сол жердегі қызметкер басшысының сыртқа шығып кеткенін және біздің сұраққа жауап бере алмайтынын айтты. Сосын e-Otinish арқылы Ұлытау облысының әкімдігіне 4 рет журналистік сауал жолдадық. Бірақ мақала жариялағанға дейін жауап келмеді.

    Сапарымыздан бір ай өткен соң редакцияның инстаграм парақшасына Жезқазған қаласының Жастар ресурстық орталығының директоры Сәкен Қайратұлы жазды. Бұл қызметке осы жылдың қаңтар айының басында кіріскенін және жастар бойынша сұрақтарға жауап беруге дайын екенін айтты. Өзінің жауабында:

    – Қазір орталық жанынан құрылған «Бірлік» волонтерлік ұйымында 97 волонтер бар. Коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты – жастардың білімінің, руханилығының, мәдениетінің, кәсiби даярлығының қалыптасуы үшін қажеттi әлеуметтiк-құқықтық жағдай жасап, олардың дамуына, қоғам игілігі үшін шығармашылық әлеуетінің ашылуына, патриотизмді қалыптастырып, жастар бастамашылдығын дамытуына жағдай жасау,

    – деді Сәкен Қайратұлы.

    Жастар өңірде қалуы үшін не істеу керек?

    Ғалым Жүсіпбек өңірлердегі жастардың жаппай үлкен қалаларға көшуі жастардың жұмыссыздығына, баспанасыз жүруіне, жатаханалардың жетіспеушілігіне және үлкен қалалардағы кептеліс секілді мәселелерге әкелуі мүмкін дейді. 

    – Мемлекеттің бірінші міндеті — өз халқына жағдай жасау. Қазақстан — өте үлкен мемлекет. Халықтың бәрін 4-5 қалаға жинап алу — ақылға сыймайтын нәрсе. Ол тіпті еліміздің қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан аймақтардағы жастардың дамуына, сол өңірдегі креативті жастардың потенциалын ашуға фокус қоюы керек,

    – дейді ол. 

    Олай болса жастардың өңірде қалып дамуы мен сапалы өмір сүруі үшін не істеуге болады? Сарапшылар мәселенің шешімін ұсынып көрді. 

    Ғалым Жүсіпбек мемлекетке байланысы жоқ, тәуелсіз бастамалардың, яғни азаматтық қоғамның өңірлерде дамуы үлкен серпіліс әкеледі деген ұстанымда. Жоғарыда айтқан кейіпкеріміз Алан тәрізді бағыттас жастардың бірігіп, қызығушылықтарын іске асыруы, өздеріне керек кеңістікті жасауы — азаматтық қоғамның бастамасы.

    – Ішкі саясатты жүргізетін мемлекеттік органдар емес, азаматтық қоғам болу керек. Ал мемлекеттің міндеті — сол бастамаларға қолдау көрсету. Өкінішке қарай, біздегі азаматтық қоғам өте жұқа. Егер халық ішінен бастамаларды жасап жатса, мемлекет оны дұшпан көріп көріп тұрады. Алайда бұл демократиялық құқыққа қайшы, – дейді Ғалым Жүсіпбек. 

    Сарапшылардың тағы бір ұсынып отырған шешімі – жергілікті кәсіпкерлер мен компаниялардың, олигархтардың әлеуметтік жауапкершілік аясында жастарға арнап түрлі орталықтар салуы және түрлі бастамаларға қаржы бөлуі. Мысалы, Қазақмыс секілді үлкен корпорацияның тұрақты түрде жастарға арналған бағдарламасын жасауы да үлкен көмек болмақ. 

    – Өңірдегі жастардың өмір сапасын арттыру әуелі жүйелі мәселелерді шешуден басталады. Оның ішіне жастардың базалық қажеттіліктері өтелуі, сапалы білім беретін университет салынуы, инфрақұрылымның реттелуі кіреді. Екінші, еңбек нарығының дамытып, креативті экономикаға қарай қадам жасау. Жезқазған сияқты моноқалалар да тек өндіріс қана дамып жатса, таңдау аз болса, түбегейлі өзгерістердің болмайтыны анық. Үшінші, саяси өзгерістер орнап, жастардың үнін естісе, шынайы жұмыс істейтін әкімдік сайлану керек,

    –  деп қорытындылады Серік Бейсембаев. 

    Серік Бейсенбаев