Редакция хаттарына жазылып ал :)

Сәлем! Біздің соңғы жазбалар мен жаңартуларды алудың тамаша тәсілі – хаттарымызға жазылу.

    TOP

    “Студенттер құқығын тіпті заң қорғай алмайды”: біз не істеуіміз керек?

    Көбіміз СДУ-да білім сапасы жақсы деп, 864 мыңның жатақханасын немесе Қаскелеңнен пәтер жалдап, адам көп маршуткада қысылып, Алматыдан келуді таңдадық.

    Жатақханада тұрған күшті. Сабаққа 5 минут қалғанда оянып келе саласың. Ата-анаң уайымдамайды, жаңа орта табасың. Дегенмен жылына 864 мың теңге төлеп, үйдегілерге күш түсіріп жатырмын ба деп ойлауыңыз мүмкін.

    Айтпақшы, мұнда тек бір уақыт қана тойып тамақ ішесің. Ереже бойынша тамақ жасауға болмайды. Қайтпек керек?

    Сен бақандай 864 мың теңге төлеп отырғандықтан, жақсы жағдайды талап етуге құқың бар.

    Өзіңмен қатар жатақханада тұрып жатқан студент-ассистенттерге СДУ асханасы 2 мезгіл тамақ береді. Олар үшін тұру ақысы айына 50 000 теңге. Ассистенттерге екі мезгіл тамақты қамтамасыз еткен жатақхана басшылығы студенттерге де мұны жасай алмай ма?

    СДУ жатақханасының бір жылдық тұру ақысы 864 000 теңге. Мұны тек екі семестрге 432 мыңнан бөліп төлеуге болады. Студент одан бөлек іштегі жиһаздарды ұқыпты ұстау үшін алдын ала 15 мың теңге депозит төлеуі тиіс. Бір жылдық келісімшарт бойынша, жатақханада бір семестр тұрған студент екінші семестр де тұруға міндетті. Жатақхананы «Dorm Services» ЖШС компаниясы басқарады. Тұру ақысының бұлай қымбаттауына студенттер жыл сайын шағымданғанымен, баға тек қымбаттап жатыр.

    СДУ Студенттер Үйі
    Фото Orda.kz сайтынан алынды

    Маркетиңі мықты, өзін жарнамалағанда жер жаратын универ басқармасы студенттерге (бізге) жаны ашымағаны ма?

    Универ маңынан пәтер жалдап тұратындар мынадай жағдайларға кезігеді:

    • Сапасы бағасына сай емес;
    • Пәтер иелерінің талабы бойынша, пәтер өтіп кетпес үшін ақшаны бір-екі ай бұрын төлейді;
    • Пәтер иелерінің көбі салық төлеуден қашып, заңды келісімшартқа отырмайды;
    • 1-2 ай тұрған соң пәтер бағасын себепсіз қымбаттатып жібереді.

    Заң не дейді?

    Өкінішке қарай, мемлекет пәтер иелерінің шаруасына араласа алмайды. Мұның бәрі нарықтық экономикаға байланысты. Алайда сіз Азаматтық кодексте белгіленгендей, пәтер иесімен міндетті түрде кемі 3 айға келісімшартқа отыруыңыз керек. Шартта белгіленген талаптарды бұзуға пәтер иесінің құқы жоқ. Заңсыздықтарға жол бермес үшін келісімшартқа отырыңыз.

    Кейбір студенттер өз үйінен қатынайды немесе жұмысқа байланысты Алматыда тұруды таңдайды. Олардың ең басты мәселесі – Қаскелеңге барар жолдағы кептеліс пен маршутканың ішінде езіліп, қысылып келу. Одан бөлек, үлкендердің жастарға көрсететін қысымы, басынып ұрсып беруі де бар.

    Әрі автобус саны аз болғандықтан, аялдамада ұзақ күтеміз. Кейін басқалармен қыстырылып барудан басқа амал жоқ. Бұған жүргізушілер де, адамдар да кінәлі емес. Халық санына қарай қала басқармасы автобус санын көбейтуі керек.

    Адамның көптігінен қыздар харассментке ұшырап, мұқият болмаса, жеке заттары жиі ұрланады.

    «Жастар ұяттан жұрдай, үлкендерге орын беруді білмейді!»

    Автобуста бұл сөздерді жиі еститін шығарсың. Бұл эйджизм* деп аталады. Заң бойынша үлкеннің де, кішінің де құқығы тең. Сіз орын бермеді екен деп, қадір-қасиет пен ар-ұжданыңызға тіл тигізуге ешкімнің құқы жоқ.

    *Эйджизм – адамды жасына байланысты алалау.

    Қоғамдық көліктердегі тәртіп заңға сәйкес реттеледі. Бірақ көлік ішіндегі адамдардың мәселесін заң қарастырмайды. Бұл ретте урбанистика бөліміне автобустың аз, халықтың көп екенін айтып, шағым түсірсек болады.

    Қазақстанда автобуста болған харассмент туралы ешқандай дерек тіркелмеген. Өйткені бұған қатысты заң жоқ. Дегенмен харассмент көбіне қоғамдық көліктерде болатыны айдан анық.

    Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы олқылықтарды заң реттемейді. Бұл бірнеше баппен шешіле салатын мәселе емес. Біздің қолымыздан келетіні тек талап етіп, үніміздің бар екенін жеткізу.