Редакция хаттарына жазылып ал :)

Сәлем! Біздің соңғы жазбалар мен жаңартуларды алудың тамаша тәсілі – хаттарымызға жазылу.

    TOP

    864 мыңдық жатақхананың сапасы. Cтуденттер не дейді?

    СДУ қабылдау комиссиясының дерегінше, биыл 2500 студент оқуға түскен. Ал жатақханада 1200 орын бар. Демек, әр екінші «перваш» жатақханада тұрады. Бағаның қымбаттығына қарамастан ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін 864 мың төлеуге дайын. Алайда студенттердің бұған көңілі тола ма?

    SDU Dorm 5 блоктан тұрады. 1 блокта 320 студент сияды

    SDU Dorm A-B (қыздар), C-D (ұлдар) блоктарынан тұрады. Әр блок 5 қабаттан, бірінші қабатта ресепшн орналасқан. Қалған 4 қабаттың әрқайсында 20 бөлме бар. Әр бөлмеде төрт адам тұрады. Яғни, бір блокта 320 адам.

    Желіде СДУ-дың «ресми амбассадоры» Санжар Жүнісов жариялаған фотолардан кей студенттердің «артын жинамайтын ұқыпсыз» екенін көрдік, білдік. Дегенмен бір адамның ұқыпсыздығы, басқалардың құқын бұза беру керек дегенді білдіре ме?

    80 студентке – қарапайым бір тоңазытқыш. Иә, СДУ жатақханасында бір тоңазытқышты 80 студент қолданады.

    Студенттердің сөзінше, іште тамақ жасауға рұқсат берілмегеннен олар жылытқыштарды жиі пайдаланады. Бірақ жатақхананың екі блогындағы 640 адамға тек 2 жылытқыш пеш берілген.

    «Мына 80 адамдық тоңазытқыш күн сайын “шиқылдайды”. Бұл бізге қолайсыздық тудырады. Мұнда бәрі бар, бірақ тұратын адам санымен есептесек, салыстырмалы түрде тұрмыстық заттар өте аз. Біз жатақхананың ішкі жағдайының бағасына сай болуын қалаймыз», – дейді жатақханада тұратын 1 курс студенттері.

    Мұнымен қоса, олар жатақханада 320 адамға 5 кір жуғыш мәшіненің қолдануға берілетінін айтты. Айтпақшы, кір жуу үшін де ақы төлеуіңіз керек.

    Жатақхана директоры Аружан Жанібек кіріс-шығысты алдын-ала жоспарлағандықтан, ай сайын бөліп төлеу жоғын айтты. Бағаның қымбаттауын инфляциямен байланыстырды.

    «864 мыңды 9 айға бөлгенде ең тиімді сомма шығады. Пәтер ақысы бұдан қымбат. Бір кездері СДУ-да ай сайын бөліп төлеу мүмкіндігі болған. Бірақ студенттер ақша төлемеген. Адамға мүмкіндік берген сайын ол одан сайын мүмкіндік сұрайды», – деді Аружан Мұратқызы til kespek joq медиасына берген сұхбатында.

    *Біз жатақхана басшылығынан келісімшарт алғымыз келген. Бірақ ресепшіндегілер директордың демалысқа кеткенін айтты. Келісімшартты почта арқылы сұраймыз. Хабар болса, оны да жазатын боламыз:)

    Біз неге университетіміздің бізге жаны ашымайды деп санаймыз?

    SDU DORM-ға бәсекелестер жоқ болғаннан олар бағаны жыл сайын қымбаттады. Басқа қаладан келген талапкерлерге пәтер жалдау қауіпті не тиімсіз. Сол себепті олар амалсыз жатақханада тұруға мәжбүр. Ал университет бәрін SDU DORM SERVICES жекеменшік компаниясына байлап, альтернатив шешім қалдырмады. Яғни монополияны қолдан жасап отыр.

    SDU Dorm-нан бөлек универдің Ankara студенттер үйімен келісімшарты бар. Бірақ екеуінің де бағасы шамалас.

    Анкарада бір семестр тұру — 400 000 теңге

    Студенттер «қанағатшыл» болуы керек пе?

    Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының екінші бабына сәйкес: «Әр адамға дүниенің кез келген түкпірінде адам құқығы тиесілі».

    Қаржылай тәуелсіз емес екеніңді біле тұра бағаны жыл сайын көтеру, кейбіреулердің киіміңе қатысты шектеу қоюы, тіпті әжетханада гигиеналық заттардың болмауы сенің құқығыңды бұзады.

    Құқығың бұзылып жатқан кезде қанағатшыл болып, үндемей қалудың мәні неде?