Өңірге бөліну менталитеттен бе?
Батыстықтарды дөрекі не шымкенттіктерді жағымпаз деп ойлаған кезің болған шығар. Көбі мұны біздің менталитеттен не қанда бар деп ойлайды. Ол расында солай ма?
Осы ретте универіміздің оқытушысы, әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбекпен сөйлесіп көрдік.
«Қазақпыз ғой, руға, өңірге бөліну қанымызда бар»
«Қанда бар» деу – біздің халық арасында көп тараған сөз. Бірақ бәріміздің қанымыз бір. Біреудің қанында қонақжайлық, бірінде батырлық, тағы біреуінде қорқақтық бар десек, мұнымыз нәсілшілдік болады.
Германияда фашистік менталитет болды. Олар фашистікті қоймады емес, қойды. Менталитет санаға байланысты, ал сана – өзгеріп тұратын нәрсе. Сәйкесінше менталитет те өзгереді. Біздің «кімдігіміз/identity» өзгермейді деу – ол отарлау саясатынан қалыптасқан түсінік. Ресей біздің ата-бабаларымыз осылай өмір сүрді, болды, біз өзгермейміз деген ойды санамызға сіңдірген»
Ресей мұны қалай жасаған?
«Кеңес одағы халықты әртүрлі сатылар мен топтарға бөлді. Салдарынан отарлауға ұшыраған елдердің бірлігі жоғалды. Неге? Өйткені ауызбіршіліктің болмауы отарлаушы күшке ыңғайлы. Олар бізді «бөліп ал да билей бер» саясатымен басқарып, қарамағына алып отырған.
Сөйтіп, халық ішіндегі ұлтқа қатысты, тілге қатысты табиғи жіктер өңірге қатысты таптаурындарға әкелді. Отарланған елдің санасы ауызбіршіліктің орнына бөлінуді мақсат етеді».
«Қой құрсын, мен батыстықтар секілді жабайы емеспін»
«Мұны айтқан адам бейсаналы түрде өзінің «сыпайы» екенін батыстықтар арқылы жеткізіп тұр. Бұл – отар сананың бір көрінісі.
Стереотиптер осыдан тамыр жаяды. Мәселен, оңтүстік қазақтары «шүкір, солтүстіктегілер сияқты орыстанып кетпедік» деп, өздерінің «қазақилығын» олармен салыстырып анықтайды».
Бұл – нәсілшілдік.
«Ең алдымен, бір-бірімізді адам ретінде құрметтеуіміз керек. Адамның қате іс-әрекет жасауын оның шыққан жеріне байланыстыру, батыстың адамдары анайы, оңтүстіктегілер саудаға бейім, қанында бар деп санау – нәсілшілдік.
Адамның жақсы не жаман қасиеті оның туған жеріне, тіліне, ұлтына, шыққан тегіне қатысты емес. Жаман не жақсы нәрсені тудыратын біздің отбасымыз, достарымыз немесе белгілі бір кезеңдегі психологиялық жағдайымыз».