“КамАЗда бес күн түнеймін”: Ақсу қант зауытына кезекте тұрған жүргізушілер не дейді?
1967 жылы ашылған Ақсу қант зауытының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, мұнда 600 адам жұмыс істейді. Бір маусымда 450 000 тонна қант қызылшасын өңдеп, 65 000 тонна қант шығарады.

Жетісу облысында Ақсу және Көксу қант зауыттары бар. Көксу қант зауыты уақытша жұмыс істемей тұрған соң, қызылша тиеген жүк көліктері “Ақсуға” ағылып жатыр. Тараздан келіп жатқандары да бар.

Ақсу қант зауыты орналасқан Жансүгіров ауылына кіреберісте шамамен 3 шақырымдай қаз қатарға тізілген жүк көліктері кезек күтіп тұр. Жүргізушілер зауыт құрылғысы жиі бұзылатынын, сондықтан, кейде кезекте 5-10 күн тұрып қалатынын айтты.

Жүк көлігінің жүргізушілері “зауыт қызылшаны қабылдамай қояды” деп қауіптеніп, аты-жөнін айтпауды, фотоға түсірмеуді сұрады. Олардың бірі 33 жастағы Мақсат (аты өз өтініші бойынша өзгертілді). Оның кезекте тұрғанына бүгін – екінші күн. Әдетте он шақты күн кезекте тұратын ол осы жолы зауытқа шамамен бесінші күні кіретінін айтты.

Мақсат Талдықорғандағы Жолдасбеков колледжінде экономист мамандығын қызыл дипломға бітірген, бірақ мамандығы бойынша жұмыс таппаған. Сондықтан 12 жылдан бері “КамАЗ” айдап жүр.

Өзінің жеңіл көлігін осы ескі жүк көлігіне айырбастаған. “Мұны құрап алуға 7 миллион теңгедей ақшам кетті” деді. Бұл көлігімен қызылша ғана емес, маусымға қарай мал азығы мен құрылыс материалдарын тасиды.

Айтуынша, ауылда жастарға арналған жалғыз жұмыс орны – әкімдік. Ал ондағы жалақы үш баласы мен әйелін асырауға жетпейді. Сондықтан апталап үй бетін көрмей, сыртта ауыр жұмыс істеуге мәжбүр.

“Физический ауыр, денсаулыққа зиян. Көріп тұрсыңдар өздерің, оңай емес. 3-4 күндеп айдалада далада жатасың. Сендер мысалы бір күн жүрсіңдер, тоңып тұрсыңдар. 4 күн жүреміз осылай. Ертең ауа-райы қандай болады? Бүгін жылы боп тұр. Әнегүні тура осы жерде боранда, жаңбырлатқан күнде тұрдық.”

Қызылша қабылдау бөліміне кіре бергенде сылағы түскен асхана мен іші қоқысқа толы әжетхана көзге түсті. Өзін “соның басшысымын” деп таныстырған адам асхананың аузынан жолды бөгеп, ішке кіргізбей қойды. Маңдайшасын ғана түсіріп алдық.

Зауыттағы құрылғылардың жайы мен ұзынсонар кезектің себебін білу үшін Ақсу зауытының басшылығына ресми сауал жолдадық. Фоторепортаж жарияланған уақытқа дейін жауап келмеді.