Жезқазған – өндіріс пен еңбек қаласы
Жезқазған – өндіріс пен еңбек қаласы. Бұл жерде қыс қатал әрі зауыттан шыққан түтін де қаланың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ осы салқын көріністердің артында тіршілік бар.
Қаланың қай бұрышында жүрсең де, көкке ұмтылған түтін көрінеді. Алыстан түтіні будақтаған зауыт қала тіршілігінің тоқтамайтынын көрсететіндей. Салдарынан қаладағы ақ қар лезде қарайып, айнала шаң боп кетеді екен. Сұр қаланы адамдар ғана жандандырып тұр.


Айналаны қар басқан шақта шаруа да көбейеді. Жұмысшылар жол тазалайды, қар күрейді. Онсыз Жезқазғанның қысы қыс па?

Көше бойында тізілген әртүрлі заттарды көресің. Сауда орталықтары болмағандықтан көбіне сауда үйлері мен осылай көшеде тұрған саудагерлерді байқауға болады. Күннің суығына қарамастан сауда қызып тұр.

Сары үйлердің қабырғасында бұрынғының ізі бар. Ол – “Хрущевкалардың” ізі. Қаланың көп бөлігі сондай. Себебі жаңа тұрғын үйлер мен ғимараттарды көп көрмейсің.


Жылы киінген кісі иттерімен қар басқан көшеде серуендеп жүр. Қыстың суығына қарамастан, үй жануарларына таза ауа қажет. Бұл – күнделікті серуеннің бір бөлігі.

Қыс балалардың сүйікті ісі мен талпынысына кедергі емес. Футбол ойнап жатқан оларға Жезқазғанның суығы да өтпейді.


Қараңғы түскенде қала өзгеріп шыға келеді. Шамдардың жарығы қаланың суық кештеріне жылы рең беретіндей.

Қар басқан ескі қызыл көлік, үстінде Coca-Cola жазуы. Көліктің ретро стилі айналасына ерекше көңіл-күй сыйлайды. Қысқы қаланың бір жарқын көрінісі.

Біз көрген Жезқазған – осындай. Сырттан қараған адамға қала жансыз, сұр көрінетін шығар. Алайда бұл жақты тірілтіп тұрған адам да, жануар да, шамдар да жылы әсер қалдырады.