Редакция хаттарына жазылып ал :)

Сәлем! Біздің соңғы жазбалар мен жаңартуларды алудың тамаша тәсілі – хаттарымызға жазылу.

    TOP

    Жетісуда NEET жастарының саны екі есе өскен: мұны қалай шешуге болады?

    Үкімет NEET санатындағы жастарға кімдерді жатқызады?

    21 жастағы Еркін (есімі өз өтінішімен өзгертілді) қазір Талдықорған қаласындағы тұрғын үй кешенінің бірінде құрылыста жұмыс істейді. Жұмысты таныстары арқылы тапқан. Жұмыс орнында ресми тіркелмегендіктен, зейнетақы жарнасын аудармайды, медициналық сақтандыруы жоқ. Облыстағы аграрлық-технологиялық колледжде ветеринария мамандығын тәмәмдап, екі жыл ауылда жұмыс істеді. Бірақ айлығы аз болған соң қалаға көшіп келіп, құрылысқа кірген.

    Бүгінде Жетісу облысында Еркін сияқты 14 мың адам NEET жастары санатына жатады. NEET жастары (ағылшын тілінде Not in Education, Employment or Training тіркесі) – еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын дегенді білдіретін термин.

    Бірақ Еркін NEET жастарының ресми тізіміне кірмеуі де мүмкін. ECPM (Eurasian Center for People Management) зерттеу орталығының жоба жетекшілері Айман Жүсіпова мен Әйгерім Еркіннің Cabar Asia-дағы зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы NEET жастар саны әдетте тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген адам саны бойынша есептеледі. Дегенмен жастар көбіне интернеттегі хабарландырулар арқылы, достары арқылы өз бетімен жұмыс іздеуді жөн көреді.

    Жетісу облысындағы NEET жастарының саны

    2017 жылдан бастап NEET жастар санаты бірнеше әлеуметтік топты қамтыды: жұмыссыз жастар, мүгедектігіне байланысты еңбекке қабілетсіз жастар, созылмалы аурулары бар жастар және үй шаруасындағы жалғызілікті әйелдер. Ал 2023 жылдан бұл тізім бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандармен толыққан.

    2022 жылдың маусым айында Жетісу Алматы облысынан бөлініп, жеке облыс боп құрылды. Еркін Жетісу облысы құрылғалы еш өзгерісті сезбегенін айтады. Құрылыс жұмыстары тұрақсыз болған соң, Еркіннің айлығы әр кезде әрқалай. Әңгімелесе отырып, оң көзінің қызарып, қанталап тұрғанын байқадық. Сұрағанымызда көзіне жұмыста тас кіріп, дәл қазір соны дәрігерге өз ақшасына көрсетіп келгенін айтты. Қанша ауыр болса да, қаладағы жақсы табыс табуға болатын жалғыз жұмыс құрылыс көрінеді.

    «Талдықорғанда қалғым келеді. Жүріп-тұрғанға арзан. Бірақ Жетісу [облысы] болғалы дым өзгеріс жоқ. Пәтер жалдау – 130-150 мың. Айлығым 300-400 мың теңге, кейде бұдан аз түседі. Қалада бұдан да жақсы ақша табуға мүмкіндік болатын шығар деп келген едім. Мемлекеттік жұмыста істейтіндердің айлығы 150 мыңдай ғана. Тіпті кейбір таныстарым 80 мың теңгеге істеп жүр. Талдықорғанда 400-500 мың деген жалақы мүлдем жоқ қой. Барлық таныстарым қалада, жартысы Алматыда. Ауылда жақсы жұмыс жоқ», – дейді ол.

    Ал Жетісу облысы жастар саясаты бөлімінің басшысы Арнай Байжурыновтың айтуынша, жеке кәсіпкерлер, жұмысшылар салық төлеуден жалтарып, ресми тіркелгісі келмейді.

    Арнай Байжурынов

    Ондайларды заң жүзінде жазалау керек. Құжаттарыңмен тіркеліп, жұмысыңның таза болғаны жақсы ғой. Арың таза болады.

    “Ауылда жұмыс орындары аз”. Жастар қалаға көшіп жатыр

    Жетісу облысы Кербұлақ ауданында жастар жұмыссыздығын зерттеген антрополог Динара Әбділдәнің пікірінше, ауылдық жерде айлықтан бұрын жұмыс орындары аз. Оның зерттеуіне сүйенсек, Жетісудағы негізгі жұмыс орындары – әкімдік, емхана, мектеп, әскери қызмет, халыққа қызмет көрсету орталығы. — Жастарды жұмыспен қамтығысы келсе, әкімдік мемлекеттік қызметтерден басқа жұмыстарды да қарастыруы керек, – деді маман.

    Динара Әбділдә

    Жұмыссыздықтың статистикасын жүргізудің ең қиыны — жастар Талдықорған мен Алматының ортасында жүреді. Алматыда таксист, курьер боп жұмыс істейді. Курьерлер туралы зерттеуімде көбі Талдықорғаннан болды. Олар зейнетақы жарнасы мен салық төлесек, өзімізге түсетін ақша азайып кететіндіктен тіркелгіміз келмейді дейтін.

    Сонымен қатар, оның айтуынша, кәсіпорында істейтін тұрғындар оқытылмайтындықтан, ауыр жұмыстарда аз айлыққа істеуге мәжбүр.

    «Мысалы, Кербұлақ ауданында Қытаймен бірлесіп зауыт салынды. Ол жаққа Қытай азаматтары мен басқа облыстан келгендер жұмысқа орналасты. Жергілікті тұрғындардың мұнда жұмысқа тұруы үшін арнайы дипломы болмады. Өйткені облыс азаматтарын стратегиялы оқыту жайлы алдын ала тапсырыс түспеген. Асхана, ауыр жүк көтеретін орындар толады да, жергілікті тұрғында айлығы жақсы жұмысқа тұра алмады», – дейді Динара Әбділдә.

    ECPM (Eurasian Center for People Management) зерттеу орталығының жоба жетекшілері Айман Жүсіпова мен Әйгерім Еркіннің Cabar Asia-дағы зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда мықты дағдыларды талап ететін жұмыс орындарының үлесі өте төмен (37%). Сондай-ақ, біліктілігі төмен еңбеккерлер үлесі жоғары (17%). Бүгінде елдегі жұмыспен қамтылғандардың көпшілігі (61%) орта және төмен деңгейлі дағдыларды қажет ететін кәсіптерде жұмыс істейді. Сәйкесінше олардың табысы да азырақ.

    Жетісу облысындағы жастар саны

    Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Жетісу облысында қазір 696 мың адам тұрып жатыр. Оның 186 мыңы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Олардың 60%-ы ауылдық жерде тіркелген. Алайда ішкі көші-қон деректері ауыл жастарының қалаға және басқа облыстарға үдере көшіп жатқанын көрсетеді. Жетісу облысынан 2022 жылы 28 мың адам, 2023 жылы 35 мың адам көшсе, ал былтыр 44 мың адам көшкен.

    29 жастағы Айдарбек Райымбек Сарқанд ауданының тумасы. Артынан ерген алты бауырын аяққа тұрғызу үшін армандаған оқуын тастап, жалдамалы жұмыстың түр-түрін істеп көрген. Үйдегі бала-шағасы, әке-шешесі мен мектеп жасындағы үш қарындасын өзі асырап отыр. Ауылдағы ескі үйлері құлап қалғалы бері Талдықорғанда пәтерде тұрады.

    «Әскерден келген соң музыка колледжіне оқуға түстім. Бірақ отбасымызда табыс болмағаннан күнкөрісіміз қиындады. Содан құрылысқа кеттім. 2 жылдай Алматыда жұмыс істедім. Бәйгеге ат та дайындағам, аспазшы да, құрылысшы да болдым, базарда жеміс-жидек те саттым», – дейді Райымбек.

    Жалдамалы жұмыстан қажып, бір кезде Семейде фастфуд дүңгіршегін ашқанымен, 2 миллионға шығынға батқан. Астындағы көлігін осыдан 3 ай бұрын несиеге алып, қазір Талдықорған мен Алматы арасында такси қызметінде жүр.

    «Семейде бір жерді жалға алуға айына 300-350 мың теңге сұрайды. Бастапқы бір айда ондай табыс таба алмайсың. Мен соны төлей алмадым, ақшам болмады. Маған қазір оқу керек емес, балаларым мен бауырларымды аяқтандырсам болды. Жастар жұмыс істегісі келмейді дейді. Жастар жұмыс істеуге әзір, тек жақсы жалақы болмай тұр», – деді ол.

    Жастар саясаты бөлімінің басшысы Арнай Байжурынов “100 мыңға облыста өмір сүруге болады, өзім де мемлекеттік жұмысты осындай айлықпен бастағам” деді. Сондай-ақ, ол жастардың ауылда мал шаруашылығымен, егінмен айналысып “жақсы” ақша табатынын да қоса кетті.

    “Еңбек нарығын зерттемеу және грант бөлу саясаты”. NEET санатындағы жастар саны неліктен өсіп жатыр?

    Ресми деректерге сүйенсек, елдегі ең төменгі орташа жалақы Жетісу облысында тіркелген. 2023 жылғы есеп бойынша кедей халықтың үлесі жөнінен де облыс Түркістаннан кейінгі екінші орында тұр.

    Әлемеуттанушы-зерттеуші Камила Ковязинаның айтуынша, ауылда не қалада тұруды әркім өзі шешуге тиіс. Егер үкімет жастарды ауылда ұстап қалғысы келсе, ондағы алдымен халықтың әлеуетіне жауапты болуы керек.

    Камила Ковязина

    Ауыл тұрғындарын өз орнында қалуға ешкім мәжбүрлемегені жөн. Ауылдарға бос жұмыс орындары, жақсы деңгейдегі білім беру, инфрақұрылымы мен денсаулық сақтау жүйесі, бос уақыт өткізетін орындар керек

    Жетісу облысында 22 колледж, бір жекеменшік университет бар. Колледжде жыл басындағы есеп бойынша 14 мыңнан астам адам оқып жатыр. Ал университетке биыл 1145 студент қабылданған. Кербұлақ ауданындағы жастар жұмыссыздығын зерттеген антрополог Динара Әбділдәның айтуынша, колледжде оқыған жастарды кәсіби тұрғыда дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбейді.

    «Колледждегі білім бойынша жұмысқа орналасу өте қиын. Өйткені тәжірибе сұрайды, одан кейін орындар бос болмайды. Сырттай оқитындарда практика аз болады. Ал тәжірибеден өту кезінде жастардың біліктілігін арттырудың орнына, оларды барып кел, шауып кел деп жұмсайды», – дейді ол.

    Арнай Байжурыновтың айтуынша, облыс егін, ауыл шаруашылығына бағытталған болғандықтан, Жетісу университетінде жаратылыстану факультеті бар, бірақ мамандықтарды педогогика бағытында оқытады. Яғни университетте аграр мамандығын тәмәмдаған түлектер жұмысқа тек бұл саланың мұғалімі боп тұра алады.

    Айман Жүсіпова мен Әйгерім Еркін өз зерттеуінде NEET санатындағы жастар санының өсуіне әсер ететін факторлар ретінде білім беру саласындағы грант бөлу саясаты жеткілікті деңгейде зерттелмеген деген ойды алға тартты. Мұндай саясат еңбек нарығының сұраныстарын тіпті қысқа мерзімді перспективада ескермейді және аймақтың еңбек нарығындағы қажеттіліктерге сай емес дейді зерттеушілер.

    Оқуын аяқтап, жеке кәсіп ашқысы келетін жастарға бюджеттен «Бастау Бизнес», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Жасыл ел» сынды бағдарламалар аясында жыл сайын ақша бөлінеді. Мәселен, өткен жылы «Жасыл ел» бағдарламасына облыстық бюджеттен 76,5 млн теңге, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына 119,9 млн теңге (2022 жылы 136,6 млн теңге) және республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаражат берілген. Ал «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша 10 адам 3 млн теңгеден алған. NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Zhas project» шағын грантын 14 адам алып, жеңімпаздың әрқайсысына 1 млн теңге берілген. Бірақ бұл ретте жастардың сұранысы мен өңірдің қажеттілігі бір-біріне қаншалықты сай екені нақты емес.

    Әлеуметтанушы Камила Ковязинаның айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарламалардың жастардың өміріне қандай өзгеріс əкелетіні әдетте зерттелмейді. Сәйкесінше өзгертетін тұстары назардан тыс қалып жатады.

    «Жастар практикасы жиі сынға қалады: ол бойынша тек бірнеше ай жұмыс істеуге мүмкіндік бар, қаржыландыру тоқтағаннан кейін адам жұмыстан кетуге мəжбүр болады. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы да тартымсыз болып отыр, өйткені жас мамандар үшін тек көтерме ақы мен жоғары жалақы ғана емес, белгілі бір елді мекенде өмір сүру болашағы маңызды. Егер олар отбасы құру, бала тəрбиелеу үшін қажетті инфрақұрылымның жоқтығын көрсе, онда олар ұзақ уақытқа тұрақтамайды. Нəтижесінде – жастар грантты өтеу үшін міндетті мерзімді жұмыс істеп, кейін қайта кетіп қалады», – дейді сарапшы.