Редакция хаттарына жазылып ал :)

Сәлем! Біздің соңғы жазбалар мен жаңартуларды алудың тамаша тәсілі – хаттарымызға жазылу.

    TOP

    “Бағдаршам мен жаяу жүргінші жолақтары аз”. Семей көшелері қаншалық қауіпсіз?

    “Бағдаршамдар істемейді, жаяу жүргіншілер жолағы жетіспейді, көшелерде жарықшамдар аз”. Бұл – Семей қаласы жастарының “Бес саусақ: Аймақтар” жобасына айтқан шағымы. Абай облысының орталығы жаяу жүргіншілер үшін қаншалықты қауіпсіз? Семей көшелерін адамдарға қолайлы етудің жолы қандай? “Бес саусақ: Аймақтар” жобасы осы сұрақтарға жауап табу үшін Абай облысының орталығы Семей қаласына сапарлап қайтты.

    Семей қаласының Шәкәрім университетінің үшінші корпусы алдындағы жолда жаяу жүргіншілерге арналған жолақ та, бағдаршам да жоқ. Осы университеттің екінші курс студенті Әділжан бұл корпуста оқитын өзге де жүздеген студент тәрізді оқу орнына жету үшін үлкен жолды кесіп өтуге мәжбүр. Әділжан ереже бойынша жолды бұрыс жерде кесіп өткен жаяу жүргінші кінәлі екенін біледі, бірақ бұл мәселені шешпей отырған құзыретті органдар да жауапты деп есептейді.

    – Оқыған мектебімнің маңында 20-шы квартал деген жаңа жол бар. Бағдаршам да болмайтын. Оқушыларды қағып кеткен кездерін жиі көретінбіз. Тек осындай жаман жайттан кейін ғана олар көшеге бағдаршам қойды, – дейді ол.

    Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органының дерегінше, Абай облысында 2022 жылдың екінші жартысында 390, 2023 жылы 2459 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал былтыр көрсеткіш екі есе артып, 4996-ға жетті. 2024 жылдың сәуір айынан бастап есепте жол-көлік оқиғаларының санымен қатар себеп-салдарын көрсете бастады. Соған сүйенсек, былтыр облыста 1915 жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен. Оның 1891-і жараланып, 100-і қайтыс болды.

    Семей. 2025 қаңтар

    Былтыр қатарынан үш айда сегіз жолақты Бозтаева көшесінің жаяу жүргіншілер өткелінде үш адамды көлік қағып кеткен. Үшеуі де мерт болды. Қайтыс болғандардың бірін көлік қаққан сәтте жаңадан орнатылған бағдаршам істемей тұрған. Қала жастарының сөзінше, осы оқиғадан кейін ғана көшедегі бағдаршамды іске қосқан. Алайда Әділжан бағдаршамның бірі істесе, екіншісі істемей тұрады дейді.

    18 жастағы Әдия жолдағы қауіптен сақтану үшін қараңғыда жанатын күртеше киіп жүреді. Себебі оқушы кезінде мектебінің алдында адамдарды көлік жиі қағып кететін. “Сол жылдары жаяу жүргіншілер белгісінің бар-жоғы білінбейтін” дейді ол. Жолды кесіп өтпек болған құрбысын көлік қағып кеткен.

    – Жол апаты қалыпты үрдіске айналды десем де болады. Мектеп алдында әр екі ай сайын бір адам болсын жол апатына ұшырайтын. Қайта құрбым шүкір, аман қалды. Бірақ қайтыс болып кеткендері қаншама. Әкімдік осындай жағдайлардан кейін ғана мектеп жолына қараңғыда жанатын «жаяу жүргінші» белгісін орнатты, – деді ол.

    Жарығы бұзылған баған. Семей. 2025 қаңтар

    Семей қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Илья Бороховский 2024 жылдың қыркүйек-қазан айларында қаланың басты көшелері мен жаяу жүргіншілер жолақтарына мониториң жүргізген. Айтуынша, қаладағы жаяу жүргіншілер жолақтары өте нашар күйде.

    «Көп жерде “шу жолақтары” жоқ. Негізгі көшелер жеткілікті деңгейде жарықтандырылмаған. Мектептердің көпшілігінің маңында жол белгілері мүлдем жоқ не дұрыс салынбаған. Біз бұл мəселені көлік бөлімімен талқылап, шу жолақтарын салу жұмыстарының тоқтатылғанын білдік. Олар негізінен 2024 жылы жоспарланған болатын», – дейді белсенді.

    Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесі бұл мәселеге қатысты сауалымызға «жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам, “зебра” белгісі мен шу жолақтарын жаңарту жоспарда бар, кезең-кезеңімен шешіліп жатыр» деп жауап берді.

    Алайда қоғам белсендісі Илья Бороховский әдетте мемлекеттік мекемелер осындай уәделермен шектелетінін айтады.

    Қала мектептерінің үштен екісінің жағдайы нашар. Жылдамдықты шектеу белгілері, жаяу жүргінші өткелінің алдында шу таңбалары болуы керек, өйткені кейбір көшелерде жарық жоқ. Бірақ бұл талаптар орындалмаған, – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Илья Бороховский.

    Әдияның айтуынша, қалада жаяу жүргіншілер өтетін жол бір-бірінен өте алыс орналасқан. Қалада адамдар көп жүретін жерлер мен университеттердің алдында ешқандай бағдаршам да, зебра жолақтары да жоқ.

    Университетімнің жолына өту үшін 10 минут жаяу жүруіме тура келеді. Өйткені жаяу жүргіншілер өткелі универден алыс орналасқан. Бұл өте қолайсыз. Көшеде бағдаршам болған күннің өзінде, кейбірі әлі істемейді. Қалада жерасты көпірлерін салды, бірақ ол тым алыста. Жүруге ыңғайсыз, – дейді Әдия.

    Архитектор, урбанист әрі «Мемсараптама» РМК сарапшысы Риза Қаратайдың айтуынша, жаяу жүргіншілерді қорғаудың ең тиімді əдісі – әрқашан оларға басымдық беру.

    – Көлік жолдарын жер астына немесе эстакадаларға салу қажет. Бірақ бізде қазіргі таңда жағдай керісінше: жаяу жүргіншілер сирек қолданатын жерүсті жəне жерасты өткелдері салынады. Ал адамдар оларға уақытын құртпай, магистральдарды қиып өтуге мəжбүр. Бұл өлім қаупін арттырады, – деді сарапшы.

    Таңғы Семей. 2025 қаңтар

    Әдиямен бір топта оқитын Нұрасыл қалада жаяу жүруге көшелердегі жарықтың әлсіздігі кедергі болады дейді. Мұның салдарынан қараңғыда жаяу жүргінші белгісі де, «зебра» жолақтары да көрінбейді. Сол себепті Нұрасыл қатерден сақтану үшін биыл жатақханаға көшкен.

    – Жарық әлсіз болғандықтан және бағдаршамның жоқтығынан көліктердің тоқтамау ықтималдығы жоғары. Негізі қаланың тек орталық жағы, көзге көрінетін жерлері жарықтандырылған, ал шалғайдағы үйлер арасында жарық мүлде жоқ. Қараңғыда адасу, адамды қағу өте оңай. Бұл жас кәріге, кімге болсын проблема деп ойлаймын, – дейді ол.

    Семей қаласында барлығы 1179 көше бар. Тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің дерегінше, оның тек 250-і жарықтандырылған. Көше шамдарын орнату жұмыстары Өскемен мен Семей қалалары бір облыс құрамында болған жылдардан бері айтылып келеді. Мәселен, 2017 жылы ШҚО облысының көше жарықтандыру жұмыстарына 4,8 млрд теңге бөлінді. Оның 3,6 млрд теңгесі Еуропаның қайта құру және даму банкінен алынған несие, ал 1,2 млрд теңге облыс бюджетінен бөлінген. Сондағы 4,8 млрд теңгенің 2,9 млрд теңгесі Өскеменге, қалған 1,8 млрд теңге Семейдің үлесіне тиді. Бұл жобаның мерзімі 2023 жылы аяқталған. Ал мәселе әлі толық шешілмеді.

    Риза Қаратай

    Мәселені шешудің жалғыз жолы – бекітілген бас жоспардың қатаң сақталуын бақылау және жекелеген мүдделі топтардың ықпалын болдырмау. Қоғамдық бақылау – тиімді шешімдердің бірі. Қала құрылысына қатысты шешімдер қабылдау барысында тәуелсіз қалалық қауымдастықтар мен белсенді азаматтарды тарту өте маңызды.